SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда өткен Чемпиондар лигасының екінші турында мадридтік «Реал» алматылық «Қайратты» 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Ойыннан кейін корольдік клубтың бас бапкері Хаби Алонсо матчқа қатысты пікір білдірді.
Испан маманы ең алдымен Алматыдағы ерекше атмосфераға тоқталды:
«Қайрат» Чемпиондар лигасында ойнауға толық лайық екенін дәлелдеді. Біз мұны Алматыға келгенде анық көрдік. Жанкүйерлердің қолдауы ерекше болды, стадиондағы атмосфера тамаша», – деді ол.
Алонсо қарсыластың ойынды қарқынды бастағанын да ерекше атады:
«Қайрат матчты белсенді бастады. Әуелі бізге ыңғайсыздау болды. Бірақ кейін ойынды өз бақылауымызға алып, комбинациялық футбол көрсетуге тырыстық. Әсіресе Арда Гүлер прессингтен шығуға көп көмектесті. «Қайраттың» белсенділігі бізді таңғалдырды», – деді бапкер.
Сонымен қатар ол үш голдың авторы Килиан Мбаппеге жоғары баға берді:
«Мбаппе өте тиімді әрі рақымсыз ойыншы. Біз оған көбірек мүмкіндік жасап беруіміз керек, сонда ол тапсырманы жеңіл орындайды. Мен Килианға өте ризамын. Бұл тек голдары үшін емес. Ол жан-жақты, көшбасшылық қасиеті бар, жастармен жақсы байланыс орнатады», – деді Алонсо.
Айта кетейік, бұл ойындағы хет-триктен кейін Мбаппе бес голмен Чемпиондар лигасының сұрмергендер көшін бастады.
Алонсо құрамдағы ойыншылардың жүктемесін тең бөлу маңыздылығын да атап өтті:
«Басты мақсатымыз – жеңіс еді. Жақсы бастама жасадық: алты ұпайдың алтауын еншілеп отырмыз. Көп гол соқтық. Футболшылар сабырлы ойнады. Вальверде әрдайым дайын, біз оны қажет жағдайда қолданамыз. Маңыздысы – минуттарды дұрыс үлестіру», – деді ол.
RUS