3693

Түркияны қоса алғанда сегіз мемлекет Трамптың Газадағы бейбітшілік жоспарын қолдады

Газаны қайта қалпына келтіру туралы жоспар жасалған еді.

Түркияны қоса алғанда сегіз мемлекет Трамптың Газадағы бейбітшілік жоспарын қолдады
Ibraheem Abu Mustafa / Reuters

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркия, Иордания, БАӘ, Индонезия, Пәкістан, Сауд Арабиясы, Қатар және Мысырдың Сыртқы істер министрлері АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған Газадағы қақтығысты тоқтату жоспарына қолдау білдірді, деп хабарлайды «Анадолы».

Бірлескен мәлімдеме Трамптың 20 тармақтан тұратын жоспары жарияланғаннан кейін жасалды. Министрлер АҚШ көшбасшысының қақтығысты тоқтатуға бағытталған күш-жігерін жоғары бағалап, аймақта бейбітшілік орнатуға деген табандылығына сенім білдірді.

Мәлімдемеде Трамп жоспарының негізгі бағыттары көрсетілген:

Газаға гуманитарлық көмекті үздіксіз жеткізу;

палестиналықтарды мәжбүрлі қоныс аударудан қорғау;

тұтқындарды босату;

барлық тараптардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін халықаралық тетік құру;

Израиль әскерін анклавтан толық шығару;

Газа инфрақұрылымын қалпына келтіру;

халықаралық құқық нормалары негізінде екі мемлекет қағидатына сүйенген әділ бейбітшілік орнату;

Газа мен Батыс жағалауды толық интеграциялау.

Министрлер бұл шарттар өңірлік тұрақтылық пен ұзақ мерзімді қауіпсіздіктің негізгі кепілі екенін атап өтті. Сонымен бірге, олар АҚШ-пен және өзге де мүдделі тараптармен «белсенді әрі сындарлы» жұмыс істеуге дайын екендерін растады.

Материал авторы