3874

Дуров Қазақстан оқушыларын әлеуметтік желіге азырақ уақыт арнауға шақырды

Қазақстан ауылдарынан жиналған 500 бала тамаша мүмкіндікке ие болды.

Дуров Қазақстан оқушыларын әлеуметтік желіге азырақ уақыт арнауға шақырды

Telegram желісінің негізін қалаған Павел Дуров бір күнін осы балаларға арнады. IT саласының алыбы IQanat жобасының бастамашысы Айдын Рахимбаевпен бірге мектепке арнайы келіп, оқушылармен әңгімелесті. Ол сенім мен білім бар жерде бәрі де мүмкін екенін айтып, балаларды оқуға ынталандырды.

Оқушылар бұл сәтті тағатсыздана күтті. Не дегенмен, жобаларын 1 миллиард адам пайдаланатын және бүкіл әлем бойынша миллиондаған жанның өмірін өзгерткен адам мектеп қабырғасына күнде келе бермейді. Павел кампусты аралап, балалардың қалай тұратынын көрді және ең бастысы – олармен емен-жарқын әңгімелесті.

Әңгіме барысында Павел Дуров өзінің мектепте қалай оқығаны, бағдарламалаудағы алғашқы тәжірибелері туралы ашық айтты. Сондай-ақ, жасанды интеллектінің дамуына қатысты көзқарасын бөлісіп, биотехнологияның – болашақтың ең маңызды трендтерінің бірі екенін әңгімеледі.

Бір жыл бұрын Павел Қазақстанның шалғай ауылдарынан 12 талантты баланыіріктеп алып, олардың IQanat мектебінде оқуы үшін 350 мың доллардан астам қаржы бөлген болатын. Бұл қаражат балалардың оқу, жатын мен тамақ, оқулықтар және өзге де қажетті шығындарын толық өтеуге жетеді. Бірақ, балалар үшін қамқоршылардың олардың тағдырына алаңдаушылығы бәрінен де маңызды. Павел балалардың әрбірінің оқиғасын біледі, олардың жетістіктерімен таныс, ал енді ол оқушылармен жүзбе-жүзтанысты.

Бұл оқушылар Олимпиада, байқаулар мен хакатондарда жеңіске жетіп, қазірдің өзінде тамаша жетістіктерге қол жеткізуде. Олардың арасында Ақмола облысының шағын ғана Бұлақсай ауылынан келген 15 жастағы Тимур Хозаев бар.

«Мен бала күнімнен бағдарламалаушы болуды армандадым, бірақ біздің ауылдағы мектеп өте шағын болатын – менің сыныбымда бар болғаны 3 оқушы болды. Ол жақта менің өсіп-дамуыма мүмкіндік жоқ еді. Павел Дуровтың маған сенімінің арқасында мен IQanat мектебіне түстім, енді оның жолын қуып, IT маманы бола аламын», деді Тимур.

Айта кетейік, IQanat – қазақстандық 230-дан астам кәсіпкердің ауыл оқушыларына білім беру мен ынталандыру арқылы жаңа мүмкіндіктер ашуға арналған білім беру жобасы. 2024 жылдан бастап Павел Дуров жобаның қамқоршысы болып, кәсіпкерлер қауымдастығына қосылды.

Мықты бағдарламалардың арқасында IQanat түлектерінің 94%-ы Қазақстан мен шетелдің жетекші университеттеріне грантпен оқуға түсіп, қазір әлемнің 19 елінде білім алып жатыр.