SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ Украинаға Ресейдің энергетикалық нысандарына алыс қашықтықтан соққы жасау үшін барлау деректерін беруге келісім берді.
Вашингтонның бұл шешімі – Украинаға қолдауды күшейтуге дайын екенінің белгісі. Мәліметке сүйенсек, АҚШ-тан алынған деректер Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарын, құбырларды, электр станцияларын және басқа да инфрақұрылым нысандарын дәл соққымен жоюға мүмкіндік береді.
Әңгіме спутниктік суреттер мен басқа да мониторинг ақпараттары туралы болып отыр. АҚШ одақтастарын да осыған ұқсас көмек көрсетуге шақырды.
Сонымен қатар, Дональд Трамп әкімшілігі Украинаға 800 шақырымға дейін жететін «Томагавк» зымырандарын беру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Президент Владимир Зеленский Копенгагендегі саммитте бұл мәселені АҚШ-пен талқылағанын растады.
«Біз АҚШ-пен сөйлестік. Президент Трампқа бұл диалог үшін алғыс айтамыз. Соңғы кездесу өте жемісті болды. Біз алыс қашықтықтағы қару туралы айттық. Қазірге дейін өз қаруымызды ғана қолдандық. Бірақ, мүмкін, жақында бізде жаңа мүмкіндік болады», – деді Зеленский.
Киевтің айтуынша, «Томагавктар» Украина стратегиясын түбегейлі өзгертуі мүмкін.
Ресейдің жанармай тапшылығы
Украинаның дрондарымен жасалған соққылардың нәтижесінде Ресейдегі мұнай өңдеу қуаттарының шамамен 40%-ы істен шыққан. FT дерегінше, тамыздан бері Украина кем дегенде 16 мұнай зауытына соққы жасаған.
Бұл елде жанармай тапшылығына әкеліп, кейбір өңірлерде бір адамға небәрі 10-20 литр бензин сату шектеуі енгізілген. Ресей билігі тапшылықты өтеу үшін Қытай, Оңтүстік Корея және Сингапурдан бензин импорттауды жоспарлап отыр.
Сарапшылардың айтуынша, санкциялар салдарынан Ресей зауыттарды қалпына келтіру үшін қажетті құрал-жабдық ала алмай отыр. Жөндеу жұмыстары бірнеше айға созылуы мүмкін.
RUS