SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысындағы әскери бөлімде қайтыс болған 19 жастағы сарбаз Дінмұхаммедтің өліміне қатысты Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді.
Қорғаныс вице-министрі Серік Борамбаевтың айтуынша, тергеу әлі жалғасып жатыр.
«Қазір кез келген асығыс пікір тергеуге кедергі келтіруі мүмкін. Бұл – ата-аналары үшін орны толмас қаза, біз үшін де ауыр соққы. Әрбір сарбаз бізге келгенде, ол біз үшін туған ұлындай болады. Оның жетістігіне қуансақ, мұндай жағдайлар бізге де өте ауыр тиеді. Әсіресе күнде қасында жүрген командирлер үшін», – деді ол.
Борамбаев егіздерді бөлу мәселесіне де тоқталды.
«Сарбаздар әртүрлі уақытта және әртүрлі елді мекеннен шақырылған. Егіздерді әдейі ажырату болған жоқ. Бұл тақырыпты қайта-қайта көтеру ата-аналарға ауыр тиеді. Қылмыстық іс қозғалды, тергеу аяқталған соң ресми түрде жауап береміз», – деп мәлімдеді вице-министр.
Еске салайық, марқұмның әпкесі Еңлік Қалтаева әлеуметтік желіде бауыры Дінмұхаммед әуелі егізімен бірге бір бөлімде болғанын, бірақ кейін оны Алматы облысындағы Матыбұлақтағы 01098 әскери бөліміне ауыстырғанын жазған. Дәл осы бөлімде қайғылы оқиға орын алған.
Отбасы 17 қыркүйекте қаралы хабарды алған.
RUS