4466

Зейнетақы қорынан 46 миллиард теңге жымқырды деген «стоматологтарға» іздеу жарияланды

Күдіктілер Маңғыстау және Атырау облыстарында жеті стоматологиялық клиниканы тіркеп, зейнетақы қорындағы қаржыларды жымқырған.

Зейнетақы қорынан 46 миллиард теңге жымқырды деген «стоматологтарға» іздеу жарияланды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қаржылық мониторинг агенттігі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) заңсыз қаржы шығару ісіне қатысты үш азаматқа іздеу жариялады.

Агенттік мәліметінше, күдіктілер тіс емдеу қызметін көрсеткендей етіп жалған медициналық құжаттар рәсімдеп, 46 миллиард теңгеден астам қаржыны заңсыз иемдену схемасын ұйымдастырған.

Іздеудегі азаматтар:

Аслан Дүйсенов (01.04.1992 ж.т.) – бұрын полиция қызметкері болған, теріс себептермен жұмыстан босатылған. 2016 жылы «қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану» және «өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу» баптары бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға сотталған.

Ғаббас Иманбаев (18.05.1998 ж.т.).

Есімхан Елешев (11.09.1987 ж.т.).

Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер Маңғыстау және Атырау облыстарында жеті стоматологиялық клиника тіркеп, олар арқылы зейнетақы қаражатын иемденген. Бұл клиникалар іс жүзінде ешқандай медициналық қызмет көрсетпеген.

Оларға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды. Алайда қазіргі уақытта күдіктілердің қайда екені белгісіз.

Қаржылық мониторинг агенттігі тұрғындардан іздеуде жүрген азаматтардың орналасқан жері туралы қандай да бір мәлімет болса, +7 (7172) 70 84 78 нөміріне хабарлауды сұрайды. Агенттік анонимділік пен сыйақыға кепілдік беріп отыр.

Материал авторы