SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Палестинаның исламдық қарсыласу қозғалысы (ХАМАС) өкілдері АҚШ президенті Дональд Трамптың Газа секторындағы атысты тоқтату жоспарын талқылау үшін Мысырға келді, деп хабарлайды Синьхуа ақпарат агенттігі.
Мысырлық дереккөздердің мәліметінше, делегация жексенбі күні Қызыл теңіз жағасындағы Шарм-эш-Шейх қаласына келіп, дүйсенбіге жоспарланған келіссөздерге дайындық жүргізіп жатыр.
Келіссөз барысында тараптар Трамптың жоспарының бірінші кезеңін жүзеге асырудың егжей-тегжейін талқылайды. Негізгі тақырыптардың қатарында тұтқындар алмасу механизмі мен ХАМАС-қа қару-жарақ жеткізу мәселесі бар.
ХАМАС өкілдерімен кездесуден кейін Мысыр тарабы Израиль делегациясымен бөлек келіссөз өткізеді. Ал екі келіссөздің қорытындысы АҚШ-тың Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стивен Уиткофф пен Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнерге жеткізілмек.
Мысыр Сыртқы істер министрлігі де дүйсенбіде өтетін кездесуді растады. Онда АҚШ ұсынған 20 тармақтан тұратын жоспарда көзделген «барлық израильдік және палестиналық тұтқындарды алмастырудың нақты шарттары мен тетіктері» қаралады.
Айта кетейік, 29 қыркүйекте Ақ үй Газа секторындағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған Трамптың кең ауқымды жоспарын жариялаған болатын. Құжатта палестиналық анклавта уақытша халықаралық күштер орналастыру және аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету көзделген. Израиль бұл ұсынысты қолдайтынын мәлімдеді.
RUS