4305

Ақтауда соққыға жығылған сәбидің анасы істі жабайын деп жатыр деп дабыл қақты

Балабақша тәрбиешісі 1 жарым жасар қызды өлімші етіп ұрып тастады дейді анасы.

Ақтауда соққыға жығылған сәбидің анасы істі жабайын деп жатыр деп дабыл қақты
анасы ұсынған сурет / Lada.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда жеке балабақшада соққыға жығылған 1,5 жасар Асия Сұлтанбайдың анасы Камила Кабиева тергеу ісі формалды жүргізіліп, істі жабуға талпыныс жасалып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Lada.kz жазды.

Оның айтуынша, БАҚ-та оқиға жария болғаннан кейін балабақша тәрбиешісіне қатысты Қылмыстық кодекстің 140-бабы («Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамау») бойынша іс қозғалған. Алайда сот-медициналық сараптама қорытындысы отбасын шошытқан — құжатта баланың денесінде тек «екі сызат» бар деп көрсетіліп, олардың денсаулыққа зиян келтірмегені жазылған.

«Бұл шындыққа мүлде сай келмейді. Оқиғадан кейін түсірілген суреттерде көптеген көгерген іздер, жаралар мен гематомалар анық көрінеді. Дәрігерлер қызымда жабық бас-ми жарақатын, көз ісігін, психикалық бұзылысты және жарақаттан кейінгі эпилепсия белгілерін анықтады», — дейді Камила Кабиева.

Әйелдің сөзінше, ол барлық медициналық анықтамаларды сараптамаға өткізгенімен, бұл деректер есепке алынбаған. Қайта сараптама жүргізу туралы өтініші де қанағаттандырылмаған — полицейлер «мұны тек сот арқылы ғана жасауға болады» деп жауап берген.

«Мені тіпті тергеу әрекеттері туралы да хабардар етпейді. Полицейлер күйеуіммен жеке сөйлесіп, менің қатысуымсыз жауап алған. Бірақ мен — баланың заңды өкілімін. Жақында істі “қате бап бойынша қозғалған” деген себеппен жауып тастамақ болғандарын естідім. Ал мұнда баланың денсаулығы туралы сөз болып отыр ғой!» — деп ашуланды анасы.

Оның айтуынша, оқиға болған күні балабақшада болған тәрбиеші мен күтуші бүгінге дейін жұмысын жалғастырып жүр.

Ал Маңғыстау облыстық полиция департаменті тергеу жалғасып жатқанын мәлімдеді.

«Қылмыстық іс қаралу сатысында. Тергеу заңда белгіленген тәртіппен жүргізілуде», — деп хабарлады ведомство өкілдері.

Еске салайық, оқиға 5 тамыз күні Ақтаудың 14-шағынауданындағы жеке балабақшада болған. Анасының айтуынша, балабақшада 1,5 жасар қызды басқа бала шамамен 40 минут бойы ұрып-соққан, ал сол сәтте тәрбиеші мен күтуші бөлмеде болмаған.

Материал авторы