SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, белгілі актриса Дариға Бадықова бұрынғы күйеуінің сұхбатынан кейін желіде жазба жариялап, өзіне тағылған айыптауларға жауап берді.
Бадықованың сөзінше, соңғы күндері экс-жолдасының айтқандары мен ел арасындағы өсек оны қатты ренжіткен.
«Еркектің бәрі ер емес. Бірі киіммен, бірі үнсіздігімен шешінеді. Мен үнсіз болдым. Бұл — әлсіздігім емес, тәрбием еді. Әйелдің үнсіздігі кейде айқайдан да қатты естіледі. Бірақ мен үндемеген сайын, біреулер арзан шоу жасап жатыр. Бір жақты пікірге еріп, мені жазғыратындарға айтарым: мен – сценарий емес, тірі адаммын! Өмірімді күлге айналдырмақ болған әрекеттер тек маған емес, өнерге де жасалған қиянат», – деп жазды актриса.
Бадықова бұрынғы күйеуімен ажырасып кеткен соң да біраз уақыт бірге тұрғанын мойындады.
«Менің де өз шындығым бар. Өтірік бақытты рөлін ойнадым. Ел алдында бәрін ашық айтуға дайын болмадым — қателік екен. Ол өзін «жәбірленуші» етіп көрсетіп жүр. Біз бұрын ажырасқанбыз, бірақ біраз уақыт бір шаңырақ астында тұрдық. Мен еркек те, әйел де болудан шаршадым. Ол үй шаруасына араласпайтын, не тамағын, не киімін өзі алған емес. Тіпті кетіп қалсам да, ақша сұрап маза бермейтін. Мен ажырасқаннан кейін де ақша беріп жүрдім. Құрбыларым тоқтат деді, беруді қойған соң осындай әңгімелер шығара бастады», – деді ол.
Еске сала кетсек, бұған дейін актрисаның бұрынғы күйеуі Дархан Мұсаев БАҚ-қа берген сұхбатында Дариғаның мінезі өзгеріп, қаржылық тұрғыда салқындық танытқанын айтқан еді. Ол сонымен қатар, актрисаның басқа адамға көңілі болғанын да меңзеген.
Дариға Бадықованың бұл жазбасы желіде қызу талқыланып, оқырмандар арасында екіге жарылған пікірлер туғызды.
RUS