SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақ спорт және туризм академиясының студенті, қақпашы Шерхан Қалмырзамен кездесті.
Кездесу кезінде министр бұқаралық спорттың ел болашағы үшін маңыздылығын атап өтіп, жастардың білім мен спортта қатар дамуы – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі екенін айтты.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортқа ерекше назар аударып келеді. Мемлекет басшысы айтқандай, балалардың амандығы мен сапалы білімі – елдің ертеңіне тікелей әсер ететін фактор. Сондықтан біз жастардың әлеуетін ашуға, олардың халықаралық деңгейде жетістікке жетуіне жағдай жасап келеміз. Әрбір спортшы тек жақсы нәтиже көрсетіп қана қоймай, заманауи білім алуы тиіс. Бұл – спорттан кейінгі өмірінде де өз орнын табуға мүмкіндік береді. Шерханның жетістігі – қазақстандық жасөспірімдерге үлгі. Оны осы жеңісімен құттықтаймын», – деді Саясат Нұрбек.
Министр кездесуде дарынды жастарды қолдау жалғаса беретінін де атап өтті. Осы мақсатта Шерхан Қалмырзаға ректордың арнайы білім гранты берілді.
Қазақ спорт және туризм академиясының проректоры Мұхтар Есқалиев оқу орнында жастардың бастамаларына әрдайым қолдау көрсетілетінін айтты.
Өз кезегінде Шерхан көрсетілген сенім мен қолдау үшін алғысын білдіріп, Қазақстандағы футболдың дамуына өз үлесін қосуға ниетті екенін жеткізді.
RUS