Әкімдік Салтанат Нүкенованың есімі мемориал қабырғада орнатылғаны туралы ақпаратты теріске шығарды
Бұл ресми мемориал қабырғасына кірмейді дейді әкімдік.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Амангелді аудандық әкімдігі әлеуметтік желілер мен кейбір БАҚ-та тараған «Салтанат Нүкенованың есімі Ұлттық жады қабырғасына жазылды» деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Әкімдіктің ақпаратына сәйкес, 2020 жылдан бері Қостанай облысының Амангелді ауылында меценаттың бастамасымен көпфункционалды туристік кешен салынып жатыр. Мұнда пирамида, «Аль-Гамбра» кафесі, «Бразилия» қонақ үйі, Эйфель мұнарасының, Бостандық мүсінінің және Майя өркениетінің пирамидасының көшірмелері, сондай-ақ балалар мен спорт алаңдары бар.
Кешен аумағында «Ұлттық жады қабырғасы» атты мемориал орнатылған. Онда 296 тарихи тұлғаның есімі жазылған плиталар қойылған. Бұл нысан 2024 жылдың 23 мамырында республикалық комиссиямен келісіліп, кейін жергілікті атқарушы органның балансына берілген.
«Меценаттың жеке бастамасымен кешеннің жеке, жабық аймағында бірнеше ондаған тақтайша орнатылған. Солардың қатарында Салтанат Нүкенованың есімі жазылған плита да бар. Бірақ ол ресми мемориал қабырғасына кірмейді», – деп нақтылады әкімдік.
Еске сала кетейік, 2023 жылдың қарашасында экс-министр Қуандық Бишімбаев өз жұбайы Салтанат Нүкенованы өлімші етіп ұрып, кісі өлтіру бабымен 24 жылға сотталған болатын. Кейін оның ағасы Айтбек Амангелді моральдық өтемақы мөлшерін арттыруды талап еткенмен, сот бұрынғы шешімді өзгеріссіз қалдырған.
Материал авторы