SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2026 жылы Қазақстан Германияға жеткізетін мұнай көлемін көбейтпек. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов мәлімдеді.
Компанияның мәліметінше, Асхат Хасенов Германиядағы Rosneft Deutschland GmbH компаниясының бас директоры Йоханес Бремермен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы мұнай тасымалын және энергетикалық серіктестікті кеңейту жолдарын талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мұнайын Германияға жеткізу жөніндегі келісімді 2026 жылдың соңына дейін ұзартуға уағдаласты. Бұған қоса, ай сайынғы жеткізілім көлемі 100 мың тоннадан 130 мың тоннаға дейін ұлғаймақ. Бұл мұнай «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» кен орнынан экспортталады.
Бұған дейін Германияға Қашаған мен Теңіз кен орындарынан да мұнай жөнелтіле бастаған еді. 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында Шведттегі мұнай өңдеу зауытына Қазақстаннан жалпы көлемі 1,5 миллион тонна «қара алтын» жеткізілді.
Сонымен қатар, Turkish Petroleum Corporation компаниясы Қазақстан нарығына кіретіні белгілі болды. Түрік тарап екі кен орнында мұнай өндіруді жоспарлап отыр, ал экспорт бағыттарының бірі ретінде Әзербайжан қарастырылуда.
RUS