SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2025 жылдың басынан бері Қаржы мониторингі агенттігі ондаған қаржы алаяқтығының схемасын әшкерелеп, криптоактивтерді бұғаттап, онлайн-казинолардың қызметін тоқтатты. Енді ведомство ақша айналымын күшейтіп бақылауды және фирма-қабықшаларға қарсы жаңа шаралар енгізуді ұсынып отыр.
Агенттік төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов үкімет отырысында жүргізілген жұмыстар мен анықталған заңбұзушылықтар туралы баяндады.
Негізгі көрсеткіштер:
24 млрд теңге айналымы бар 81 «қылмыстық» топ анықталды;
130 криптобиржаның жұмысы тоқтатылып, 16,7 млн доллар көлемінде виртуалды активтер тәркіленді;
Темекі мен алкогольдің 18 жасырын цехы жабылды;
12 млрд теңгенің вейп өнімі заңсыз айналымнан алынды;
17 млрд теңге көлемінде мұнай өнімдерінің заңсыз экспорты тоқтатылды;
62 жасырын ойын орны мен 11 онлайн-казиноның қызметі жойылды.
Соңғы үш жылда салық органдары 3,6 мың жалған компанияның тіркеуін жойған. Осы фирмалар арқылы 280 млрд теңге көлемінде 30 мыңнан астам күмәнді мәміле жасалған.
«Көлеңкелі экономика тек заңсыз табыстар есебінен емес, бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсаудан да қоректенеді. Мәселен, жыл басында Сот сараптамалары орталығында 2 млрд теңге ұрланғаны анықталды. Басшылар жабдық құнын үш есеге өсіріп, жалған коммерциялық ұсыныстар жасаған. Сондықтан бюджет жоспарлауды әлі күнге дейін «қағаз бағаға» сүйеніп жүргізу – өте ескірген тәсіл», — деді Бижанов.
ҚМА келесі жаңа талаптарды енгізуді ұсынды:
Жаңа заңды тұлғаларды тіркеу кезінде олардың құрылтайшылары мен директорларын арнайы тексеру (соттылық, тәуелділік, психикалық дерт, «қара тізім»);
Картаға 500 мың теңгеден жоғары ақша түскенде, аударым жасаушының ЖСН-ін көрсету және қосымша растау (SMS не қосымша арқылы);
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап банктер банкомат камераларының жазбасын кемі 180 күн сақтауға міндетті болады;
Биометриялық сәйкестендіру (бет әлпеті, саусақ ізі) енгізу қарастырылып жатыр — бұл өзгенің картасымен анонимді аударымдарды тоқтатуға бағытталған.
RUS