Сұлулық салоны мен сауналар: «Ауыл аманатының» 13 млрд теңгесі мақсатсыз жұмсалған
Ауылға ақша берсе, қалада сұлулық салоны.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда мемлекеттік қолдау аясында бөлінген миллиардтар ауыл шаруашылығына емес, сұлулық салоны мен дәмханалар ашуға кеткен. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несие алған шамамен екі мыңға жуық адам қаржыны ауыл шаруашылығын дамытуға емес, өзге салаларға бағыттаған. Жалпы сомасы 13 миллиард теңге көлеміндегі қаражат салондар, сауналар, мейрамханалар мен дүкендер ашуға жұмсалған.
«Біз бюджет қаражатының жұмсалуына жүйелі бақылау жүргізіп отырмыз. Осы мониторинг барысында қаражаттың мақсатсыз пайдаланылу фактілері анықталды», — деді Мәди Такиев.
Министр сонымен қатар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) арасында да заңсыз схемалар бар екенін айтты. Айтуынша, кейбір өңірлік корпорациялар мемлекеттен алған несиені нақты жобаларға емес, банктердегі депозиттерге салып, пайыздық табыс тауып келген.
Мысалы, мұндай жағдайлар Түркістан облысында 2 млрд теңгеге, ал Абай облысында 152 млн теңгеге анықталған.
Қаржы министрлігі өз баяндамасында басқа да заңбұзушылықтарды ашты: бір мекенжай бойынша ондаған, тіпті жүздеген компания тіркелгені белгілі болды.
Тек 3,5 мың мекенжайда тіркелген 20 мың компанияның салық берешегі 60,4 млрд теңгеге жеткен.
Материал авторы