SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова әлеуметтік желі қолданушыларының сынына ұшырады. Оған себеп — шенеуніктің қымбат туфли киіп, Lexus көлігімен тек ақылы клиникаға баруы. Бұл туралы Stan.kz жазды.
Желіде тараған бейнежазбаларда министрдің Valentino Garavani маркалы, құны шамамен 510 мың теңге тұратын туфлимен және Lexus көлігімен көрінген сәттері қызу талқыға түсті. Пікір қалдырғандардың кейбірі оның халықтың әлеуметтік жағдайын түсінбей, «қымбат өмірін ашық көрсетіп жүргенін» сынға алды.
Бір қолданушы:
«Бұл – халықты мазақ ету. Бірде Ұлытау ауруханасына Lexus-пен барды, енді қымбат туфлимен шықты. Ал мен осы туралы жазған соң, министрлік менің аккаунтымды бұғаттап тастады», – деп жазды.
Кейін Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте министрге бұл жағдай туралы сұрақ қойылды. Әлназарова видеоның жеке медициналық мекеме – «Қазақмыс» медициналық орталығы түсіргенін айтты.
«Бұл – жоғары деңгейде жұмыс істеп тұрған санаулы медициналық мекемелердің бірі. Мен тек осы клиникаға емес, облыстық ауруханаға да бардым. Қазір ол жерде күрделі жөндеу жүріп жатыр. Сондай-ақ Ұлытау ауданына да жұмыс сапарымен шықтым», – деді министр.
Әлназарованың айтуынша, аймақтарға сапардан кейін вице-министр Ардақ Амангелдиевтің басшылығымен арнайы жұмыс тобы құрылған.
«Топ бір апта бойы Ұлытауда жұмыс істеді. Барлық өзекті мәселе зерттеліп, жол картасы әзірленді. Қазір жоспарлы жұмыс жүріп жатыр», – деп толықтырды ол.
Сонымен қатар министр мемлекеттік емханаларға да барғанын, медициналық ұйымдармен кездесіп, жүйелік проблемаларды талқылағанын айтты.
«Әрине, мәселелер бар. Бірақ менің басты міндетім – халыққа медициналық көмекті тиімді ұйымдастыру», – деді Әлназарова.