Ковидтен кейін қазақстандықтар қарапайым тұмаудан жиі қайтыс бола бастаған
Жыл санап тұмаудан қайтыс болғандар саны көбейіп келеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда тұмау, пневмония және маусымдық тыныс жолы ауруларынан көз жұму көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда шамамен 5 пайызға артқан.
2024 жылы елде тұмау мен ЖРВИ-ден 3,4 мың адам қайтыс болған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 15,6 пайызға көп. Дегенмен пандемия кезіндегі көрсеткіш бұдан әлдеқайда жоғары болған — 2020 жылы шамамен 11 мың, ал 2021 жылы 6,3 мың адам осы аурулардан көз жұмған. Соңғы үш жылда тұмаудан қайтыс болғандардың үлесі 2,2–2,5 пайыз аралығында болса, қазір бұл көрсеткіш өсіп отыр.
— 2025 жылдың қаңтар–маусым айларында тұмау, ЖРВИ және пневмониядан қайтыс болғандар барлық өлім-жітімнің 2,8 пайызын құрады. Бұл 1,8 мың адам, яғни өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,6 пайызға көп, — деп жазады Energyprom.kz.
Өлім-жітімнің ең жоғары көрсеткіші Алматыда тіркелген. Одан кейін Қостанай және Қарағанды облыстары келеді. Ал пайыздық көрсеткіш бойынша Қостанай облысы алда тұр. 2025 жылдың алғашқы жартысында ел бойынша тыныс жолы ауруларынан қайтыс болғандардың қатарында 1 жасқа толмаған 62 сәби бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 41 пайызға аз.
Мамандардың пікірінше, биылғы жылыту маусымының ерте басталуы бұл үрдіске оң әсер етуі мүмкін.
Материал авторы