SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда зейнетақы қорындағы қаржыны жалған стоматологиялық клиникалар арқылы заңсыз шығаруға қатысты тергеліп жатқан Аслан Дүйсенов видеоүндеу жариялап, өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) мәліметінше, Дүйсеновке іздеу жарияланған. Тергеу нұсқасы бойынша, ол екі азаматпен бірге ЕНПФ-дан ондаған миллиард теңгені жалған стоматологиялар арқылы шығару схемасын ұйымдастырған.
Бірақ видеоүндеуде Дүйсенов клиниканың ресми түрде жұмыс істегенін және науқастарды нақты қабылдағанын айтты:
«Мен ешкімді алдаған жоқпын, ақша да ұрлаған емеспін. Біздің стоматология бір жылға жуық жұмыс істеді. 46 миллиард теңге – ойдан шығарылған сан. Мен ЖШС-ны заңды түрде сатып алдым, қызметкерлеріміз болды, бәрі құжаттарда көрініп тұр», – деді ол.
Оның сөзінше, ҚМА тексерісінен кейін клиниканың жұмысы тоқтатылып, барлық құрал-жабдықтар мен құжаттар тәркіленген.
«Халыққа тіс емдедік, адамдар өз қаржыларын заңды түрде пайдаланды. Бізді алаяқ ретінде көрсету – қате», – деп қосты күдікті.
Сонымен қатар, Дүйсенов өзінің іздеуде жүргенін жаңалықтардан ғана естігенін, осы уақыт бойы емделуде болғанын айтты.
Айта кетейік, Аслан Дүйсенов бұған дейін қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және суицидке итермелеубаптарымен сотталған. Сот шешімімен ол полиция қызметінен шеттетіліп, шенінен айырылған.
ҚМА өкілдері істің тергеліп жатқанын және күдіктілердің өзге де эпизодтарға қатысы тексеріліп жатқанын мәлімдеді. Видеоүндеуге қатысты ресми түсініктеме әзірге берілген жоқ.