SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылында 6 жастағы Әли Жолшыбек қайтыс болды. Марқұмның туыстары баланың өліміне дәрігерлердің немқұрайлылығы себеп болды деп отыр.
Туыстарының айтуынша, Әли 29 қыркүйектен бері сырқаттанып жүрген. Бірақ учаскелік дәрігер баланы тексеріп, нақты көмек көрсетпестен үйіне қайтарып жіберген. Бір аптадан кейін, 7 қазанда баланың жағдайы нашарлаған соң, апасы жалынып жүріп ауруханаға жатқызған.
Алайда отбасының сөзінше, дәрігерлер ауруханаға түскеннен кейін де нақты тексеру жүргізбеген, диагноз қоймаған, тек креон деген дәрі ғана берген. 10 қазан күні таңертең бала көз жұмды.
Марқұмның әпкесі бұл ауруханада екі жыл бұрын олардың анасы да қайтыс болғанын айтып, мекемедегі жүйелі салғырттық бар екенін алға тартты.
«Бір апта бойы қиналды, ешқандай дұрыс ем алған жоқ. Диагнозды да айтпай отыр, ауру тарихын бермейді. Барлығын жауып тастамақ. Дәрігерлер жауап берсін. Президент пен Денсаулық сақтау министрінен көмек сұраймыз», — деді баланың туысы.
Өз кезегінде Т. Рысқұлов аудандық ауруханасы ресми түсініктеме берді. Мекеме мәліметінше, бала 7 қазан күні әжесімен бірге ауруханаға түскен, «өт жолдарының ауруы» диагнозымен клиникалық хаттамаға сай ем қабылдаған.
«10 қазан күні сағат 06:55-те бала кенеттен көз жұмды. Қазір өлім себебі анықталып жатыр. Оқиға бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды, ішкі істер органдарына хабар берілді», — делінген аурухана хабарламасында.
Қазіргі таңда істің барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу амалдары басталды.
RUS