543

«ҚазМұнайГаз» Маңғыстауда жаңа кен орнын барлауға кірісті

Компания мұнай іздеуді жалғастырып жатыр.

«ҚазМұнайГаз» Маңғыстауда жаңа кен орнын барлауға кірісті
kmg.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Маңғыстау облысындағы «Өзен-Солтүстік» учаскесінде мұнай іздеу жұмыстарын бастады. Бұл учаскені игеру жөніндегі келісімшартты ұлттық компания биыл маусым айында алған.

Компания мәліметінше, қазір учаскеде алғашқы барлау ұңғымасы бұрғыланып жатыр. Жалпы екі ұңғыма салынады: бірінің тереңдігі – 2000 метр, екіншісі – 1650 метр. Жобаны «ҚазМұнайГаздың» еншілес ұйымы – «KMG Barlau» ЖШС жүзеге асыруда. Бұған дейін компания 400 шаршы шақырым аумақта сейсмикалық зерттеу жұмыстарын жүргізген.

«Алғашқы барлау ұңғымасы жобаны жүзеге асырудағы маңызды кезең болмақ. Оның нәтижелері геологиялық құрылымды нақтылауға және кен орнындағы мұнай мен газдың әлеуетін растауға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді компания өкілдері.

«Өзен-Солтүстік» учаскесі Қарақия және Маңғыстау аудандарының аумағында, Жаңаөзен қаласынан шамамен 20 шақырым жерде орналасқан. Жоба күрделі саналады, алайда оған ерекше назар аударылып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Ақтауға сапары кезінде КМГ-ға өңірдің мұнай-газ әлеуетін дамыту жөнінде нақты міндет жүктеген.

«ҚазМұнайГазда» атап өткендей, бұл – компанияның жаңа жобаларының бірі ғана. Бұған дейін ҚМГ Қызылорда облысындағы «Торғай Палеозой», сондай-ақ Ақтөбе облысындағы «Қаражар» учаскелерінде терең барлау ұңғымаларын бұрғылаған. Қазір ұлттық компания елдің бес өңірінде белсенді геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін қытайлық Sinopec компаниясы Маңғыстаудағы әлеуетті кен орнын барлауға миллиардтаған теңге жұмсағанымен, алғашқы «Сай-Өтес» ұңғымасы құрғақ болып шыққан.

Материал авторы