SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, полиция Telegram негізін қалаушы Павел Дуровтың Көлсай көлдерінде шомылған сәті түсірілген видеоға қатысты материалды тіркеп, істі Экология министрлігіне жолдады.
Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюктың айтуынша, бұл жағдай бұған дейін талқыланған қызғалдақ жұлумен салыстырғанда басқа санатқа жатады.
«Қызғалдақ жұлумен байланысты істер — қылмыстық жауапкершілік, оны полиция тергейді. Ал ерекше қорғалатын табиғи аумақта шомылу — әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады және бұл Экология министрлігінің құзырында», — деді ол.
Милюктың мәліметінше, бұл жағдайда жаза түрі ескерту беруден бастап 10 АЕК көлеміндегі айыппұлға дейін жетуі мүмкін.
Еске салайық, Павел Дуров 7 қазанда Көлсайдың мұздай суына сүңгіп жатқан видеосын жариялаған. Ал 9 қазанда ол қолында металл шыбыққа ұқсас зат ұстап тұрған тағы бір бейнежазба салған. Осы жазбалар табиғатты қорғау органдарының назарын аударды.
RUS