«Отбасылық бизнес»: Жамбыл облысында әке мен бала есірткі сатқан
Ер адам ұлымен бірге есірткі сатумен айналысқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында әке мен баласына қатысты есірткі саудасына байланысты іс бойынша сот үкімі шықты.
Тергеу материалдарына сәйкес, 58 жастағы ер адам өз иелігіндегі қожалық аумағында ірі көлемде марихуана сақтаған. Ол сатып алушыларды өзі тауып, 12 келі есірткіні килограмын 180 мың теңгеден сатуға келіскен. Сондай-ақ жақын арада тағы жаңа партия дайындайтынын айтқан.
Кейін ол 20 жастағы ұлын іске тартып, тауарды буып-түю мен жеткізуге көмектесуді сұраған. Әке мен бала сатып алушыларды ауылдағы кафеден өз қожалығына апарып, сол жерде сауданы жүзеге асырған.
Алайда дәл мәміле жасалған сәтте оларды ҰҚК қызметкерлері ұстады. Оқиға орнынан 12,7 келі марихуана табылып, қожалық аумағын тінту кезінде тағы 185 келіден астам кептірілген есірткі тәркіленді.
Сотта әкесі кінәсін ішінара мойындаса, ұлы өз әрекетін теріске шығарып, «әкесінің не істеп жүргенін білмедім» деп мәлімдеді.
Бірінші сатыдағы сот шешімімен екеуі де 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда апелляциялық шағым қаралған соң, Жамбыл облыстық соты ұлдың іс-әрекетін «қылмысқа көмектесу» ретінде қайта саралап, жаза мерзімін 4 жылға дейін қысқартты.
Материал авторы