SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында елімізде 75,7 млн тонна мұнай мен конденсат өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,2 пайызға көп.
Энергетика министрі Ерлан Аккенжановтың айтуынша, биыл мұнай өндірудің жалпы жоспары өзгеріссіз — 96,2 млн тонна деңгейінде сақталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,7 пайызға жоғары көрсеткіш. Министрдің сөзінше, мұнай өндіру көлемінің артуына ең алдымен Теңіз кен орнын кеңейту жобасы әсер еткен. Сонымен қатар, Қарашығанақтағы және Каспий шельфіндегі жұмыстар да өз үлесін қосты.
Мұнай экспорты да айтарлықтай артқан: қаңтар-қыркүйек аралығында елден 60,5 млн тонна мұнай шығарылды — бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,9 пайызға көп. Жылдық жоспар — 70,5 млн тонна.
Газ өндіру көлемі 51,6 млрд текше метрге жетіп, 16,7 пайызға өскен. Ал ішкі тұтыну көлемі өзгеріссіз дерлік қалды — 14,3 млрд текше метр (+0,4%).
Мұнай өнімдері өндірісі де 10,1 пайызға өскен, бірақ жыл соңына қарай бар болғаны 13,7 млн тонна отын өндіріледі деп болжануда. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда небәрі 0,7 пайызға артық. Министрлік мұны жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты түсіндіреді.
Ал мұнай-газ химиясы саласында жоспар әлдеқайда өршіл — өндіріс көлемі 9,2 пайызға ұлғаяды деп күтілуде.
RUS