SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында жаңа халық қалаулысы ант беріп, өз өкілеттігін ресми түрде бастады. Ол – Оқу-ағарту министрі қызметіне тағайындалған Жұлдыз Сүлейменованың орнына келген Әбутәліп Мүтәлі.
Бұған дейін AMANAT партиясының саяси кеңес бюросы Мәжілістегі бос мандатты Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі Әбутәліп Мүтәліге беру жөнінде шешім қабылдаған болатын.
Ант қабылдау кезінде депутат былай деді:
«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, елдің тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, Конституция мен заңдарды бұлжытпай орындауға, депутат ретінде өзіме артылған жауапкершілікті абыроймен атқаруға ант етемін».
Партия мәліметінше, Әбутәліп Мүтәлі – «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Ол бұған дейін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласында жұмыс істеген. Сонымен қатар жаңа депутат Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің құрамына енгізілді.
Айта кетсек, бүгінгі отырыста заң мен тәртіп үстемдік ететін қоғам қалыптастыруға бағытталған заң жобасы да талқылануда.
RUS