557

Қарғалы ауылында 7-сынып оқитын жетім қызды азғындыққа тарту ісі бойынша тергеу басталды

Қызға қазір психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.

Қарғалы ауылында 7-сынып оқитын жетім қызды азғындыққа тарту ісі бойынша тергеу басталды
Alamy

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысының полициясы Қарғалы ауылында 7-сыныпта оқитын жетім қызға қатысты азғындық әрекет жасалды деген дерек бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Бұл туралы Жамбыл ауданының әкімдігі мен білім бөлімі мәлімдеді.

Алдын ала мәліметке сүйенсек, оқиға 21 қыркүйекте ауылдағы жеке үйдің бірінде болған. Мектеп директоры бұл туралы тек 13 қазанда қоғам белсендісінен естіп, дереу құқық қорғау органдарына хабар берген.

Полиция департаменті қылмыстық істің ҚР Қылмыстық кодексінің 124-бабы 1-бөлігі бойынша («Он алты жасқа толмаған адамға қатысты күш қолданбай жасалған жыныстық сипаттағы әрекеттер») тергеліп жатқанын нақтылады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде.

Жамбыл ауданы әкімдігі зардап шеккен қызға облыстық психологиялық қолдау орталығының мамандары көмек көрсетіп жатқанын хабарлады. Аудандық білім бөлімінің басшысы Светлана Алтынбекова мектептің заң аясында әрекет еткенін айтып, қоғам өкілдерін расталмаған ақпарат таратпауға және баланың жеке өміріне қатысты материалдар жарияламауға шақырды.

Бұған қоса, Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті оқиғаға қатысы бар барлық тараппен жеке профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлады.

Материал авторы