521

Пәкістан мен Ауғанстан шекарасында қақтығыстар қайта күшейді

Тараптар бірін-бірі айыптап жатыр.

Пәкістан мен Ауғанстан шекарасында қақтығыстар қайта күшейді
AP Photo/Saifullah Zahir

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Пәкістан мен Ауғанстан шекарасында жаңа атыстар болды. 14 қазан күні орын алған қарулы қақтығыс кезінде тараптар ауыр техниканы қолданған.

Пәкістанның мемлекеттік БАҚ-тары ауған әскерін «еш себепсіз оқ атқан» деп айыптады. Пәкістандық күштер жауап ретінде Ауғанстанның бірнеше әскери бекеттері мен танкілеріне соққы берген. Бұл ақпаратты елдің телеарналары мен қауіпсіздік қызметіндегі дереккөздер растады.

Ауғанстанның Хост провинциясы полициясының өкілі Тахир Ахрар қақтығыс болғанын растады, бірақ егжей-тегжейлі ақпарат бермеді. Бұл соңғы апта ішіндегі екінші қарулы атыс.

11 қазан күні де шекараның бірнеше учаскесінде атыс тіркелген. Пәкістандық тараптың дерегінше, ауған әскері Читрал мен Белуджистан бағыттарында оқ атқан. Бұған жауап ретінде Исламабад артиллерия, танк және дрондарды қолданған, сондай-ақ әскери ұшақтар көтерілген.

Қақтығыстардан кейін Пәкістан барлық шекара бекеттерін жауып, әскерін жоғары дайындық режиміне енгізді. Сауд Арабиясы мен Қатардың арағайындығынан соң атыстар бір күнге тоқтағанымен, жағдай тұрақсыз күйде қалып отыр.

Ауғанстандағы «Талибан» қозғалысының өкілі Забихулла Муджахид Пәкістан шабуылдарының салдарынан 58 ауған сарбазы қаза тапқанын мәлімдеді. Ал Пәкістан тарапы өз шығынын 23 адам деп көрсетіп, «200-ден астам талиб және оларға қатысы бар содырлар жойылды» деп хабарлады.

Қақтығыс 9 қазанда Кабул мен Ауғанстанның оңтүстік-шығысында болған жарылыстардан кейін ушыға түскен. Ауған билігі бұл шабуылдарға Пәкістанды кінәлады, бірақ Исламабад айыптауларды теріске шығарып, Кабулды «пәкістандық талибтерді жасырды» деп айыптады.

Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы 2400 шақырымдық шекара 1893 жылы белгіленген. Бұл сызық әлі күнге дейін екі ел арасындағы дау нүктелерінің бірі болып отыр.

Аймақтағы ахуалдың шиеленісуіне байланысты Сауд Арабиясы, Катар және Иран тараптарды сабыр сақтауға шақырды. Сарапшылар Пәкістанның ядролық арсеналы (60–170 ядролық оқтұмсық) жағдайды одан әрі қауіпті етуі мүмкін екенін ескертеді.

Материал авторы