SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада автобус қағып, екі аяғынан айырылған 8 жастағы Алуа Бекен алғаш рет протезбен жүріп үйреніп жатыр. Қыз қазір оңалту курсынан өтіп, қайта жүру дағдыларын қалыптастыруда.
Алуаның қалпына келу сәттерін оның реабилитациясына арналған ресми Instagram парақшасында жариялады. Бейнежазбада кішкентай қыз ересектердің көмегімен протезге тұрып, алғашқы бірнеше қадам жасаған сәті көрсетілген. Жазба «жаттығу» деген сөзбен сипатталған.
Желі қолданушылары мен туыстары Алуаның қайсарлығына тәнті болып, оны қолдап жатыр.
«Дәрігерлерге, отбасысына және көмектескен барша адамға алғыс. Бұл — үлкен ерліктің кішкентай жеңісі», — деп жазды желідегілер.
Еске салайық, 2 маусым күні Астанада автобус қатысқан ауыр жол апаты болған еді. Көп адам жарақат алды, ал Алуаның екі аяғын ампутациялауға тура келді. Кейін ол есін жиып, жақындарынан «Менің аяқтарым қайда?» деп сұрағаны көпшіліктің жүрегін ауыртқан болатын.
Қаланың әкімі отбасына қолдау көрсетуге уәде беріп, кейін оларға төрт бөлмелі пәтер табысталды. 9 маусымда дәрігерлер қызға гангрена қаупіне байланысты екінші ота жасады.
Қазір Алуа біртіндеп қалпына келіп, жаңа өмірге бейімделіп келеді.
RUS