SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазнетте алматылық блогер Нұрила Аманбаеваның есту қабілеті нашар таксисті мазақтаған видеосы тарады. Кадрларда ол баламен бірге қатты айқайлап ән айтып, шу шығарып отыр. Себебі жүргізуші олардың айтқанын ести алмайды.
Видеоны көрген желі қолданушылары блогердің әрекетіне ашу білдіріп, Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасына жаппай шағымдана бастады. Көпшілік компанияларды Нұриланың жарнамалық келісімшарттарын бұзуға шақырып, таксистке заңгерлік көмек көрсетуді ұсынған.
Пікірлерде адамдар блогердің қылығын қатты сынға алды:
«Естімейтін адам сені емес, өз еңбегімен күн көріп жүр. Ұят», — деп жазды бір қолданушы.
«Мен де ерекше адаммын. Осындай мазақтарды көру ауыр», — деді тағы бірі.
Желіде үлкен шу шыққаннан кейін Нұрила Аманбаева видео үшін кешірім сұрап, бұл «америкалық тренд» екенін түсіндірді.
«Бейнежазбаны әзіл ретінде түсіргем, ешкімді ренжіткім келген жоқ. Бірнеше сағаттан соң өзім өшірдім. Қате істегенімді түсіндім. Егер біреудің көңіліне тисем, кешірім өтінем. Бұл қайталанбайды», — деді ол.
Блогер сонымен қатар Threads желісін «адамдар бір-біріне қарсы шығатын уытты орта» деп сипаттады.
Адвокат Жохар Үтебеков таксистке тегін құқықтық көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Ал Алматы облыстық полиция департаменті бұл фактіге қатысты тексеру жүріп жатқанын хабарлады.
«Мұндай жағдайларда мүмкіндігі шектеулі адамдарға құрметпен және ізетпен қарау маңызды. Видео авторымен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі», — делінген полицияның ресми хабарламасында.
Құқық қорғау органдары әлеуметтік желі қолданушыларын жариялайтын контентке жауапкершілікпен қарап, өзара құрмет пен этиканы сақтауға шақырды.
RUS