SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қырғызстанда кәмелетке толмаған Айсулуу Мұқашеваны өлтірді деп айыпталған ер адамның өзге де ауыр қылмыстарға қатысы бар екені анықталды. Мемлекеттік «ЭлТР» телеарнасы құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүргізген журналистік зерттеу нәтижесінде күдіктіге барлығы жеті қылмыс, соның ішінде зорлау және кісі өлтіру баптары бойынша айып тағылып отырғаны белгілі болды.
Тергеу мәліметінше, күдікті төрт қызды зорлап, кейін өлтірген, екі қыз аман қалған, тағы бірінің тағдыры әзірге беймәлім. Барлық дерек қазіргі ұсталған адаммен байланыстырылады.
Зерттеу барысында белгілі болғандай, күдікті бұған дейін де ұқсас істер бойынша қамауға алынып, сотталған. Алайда екінші сатыдағы сот ауыр баптарды жеңілдетіп, ер адамды көп ұзамай босатқан.
Сондай-ақ күдіктінің 2014 жылы Бішкек маңындағы Байтик ауылында табылған Камила Дүйшебаеваның өліміне де қатысы болуы мүмкін екені айтылды.
Журналистер ІІМ-нің жедел түсірілім кадрларын және тергеу деректерін жариялағанымен, милиция ресми түрде күдіктінің басқа қылмыстарға қатысы туралы хабарлама таратқан жоқ. Қазір ер адам Джети-Огуз аудандық ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау изоляторында отыр.
Айта кетейік, Айсулуу Мұқашева 30 қыркүйекте туған ауылында жерленді. Туыстары қылмыскерге ең қатаң жаза қолдануды талап етті. Тергеу мәліметіне сүйенсек, 17 жастағы қыз күдіктімен ешқашан таныс болмаған.
Қайғылы оқиғадан кейін Қырғызстанда өлім жазасын қайта енгізу туралы қоғамдық талқылау басталды. Бұған дейін президент өлім жазасын қайтару мәселесін үкіметке қарауға тапсырған еді.
Еске салайық, Айсулуу Мұқашева 27 қыркүйекте Барскоон ауылынан Қарақолға бара жатқанда жоғалып, екі күннен кейін Боом шатқалынан өлі күйінде табылған. Тергеу дерегі бойынша, 41 жастағы ер адам қызды зорлап, тұншықтырып өлтірген.
RUS