Жоғарғы соттың бірден үш судьясы отставкаға кетті
Депутаттар ұсынысты бірауыздан қолдады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Сенаттың жалпы отырысында Мемлекет басшысының ұсынысымен Жоғарғы сот судьялары Ғабит Әлжанов, Роза Жақудина және Тыныштық Молдахметова қызметінен босатылды.
Жоғары сот кеңесінің төрағасы Дмитрий Малахов олардың әділ сот жүйесін дамыту ісіне айтарлықтай үлес қосқанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Жоғарғы соттың аталған судьяларын отставкаға жіберу жөнінде ұсыныс енгізді. Ғабит Өмірханович, Роза Қайроллақызы және Тыныштық Әмірқызы шамамен 30 жыл бойы сот жүйесінде қызмет етіп, мінсіз беделімен және жоғары кәсіби біліктілігімен танылған. Олар сот төрелігіне адал қызмет етіп, саланың дамуына елеулі үлес қосты», – деді Малахов.
Депутаттар ұсынысты бірауыздан қолдады.
Айта кетейік, бұған дейін Сенат Берік Нәжімиденовті басқа қызметке тағайындалуына байланысты Жоғарғы сот судьясы қызметінен босатқан болатын.
Материал авторы