1288

Зейнетақы қорындағы қаржыны жымқырды деп іздеуде жүрген «стоматолог» ұсталды

Аслан Дүйсенов — бұрынғы полицей, әрі Атыраудағы зейнетақы ақшасын ұрлады деген күдіктілердің бірі.

Зейнетақы қорындағы қаржыны жымқырды деп іздеуде жүрген «стоматолог» ұсталды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) ақша жымқыру ісіне қатысы бар деп айыпталған атыраулық кәсіпкер Аслан Дүйсенов ұсталды. Бұған дейін ол өзін кінәсіз деп мәлімдеген еді, алайда Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) бұл пікірмен келіспейді.

Жақында Дүйсенов әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялап, «зейнетақы ақшасын ұрлаған жоқпын, жасырынбадым» деп мәлімдеген. Алайда ҚМА төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Сенат кулуарында басқа мәлімет айтты:

«Ол күдікті ретінде тергеуде. Іздеуге жарияланған, қазір ұсталды. Тергеу барысында жалған стоматологиялық клиникалар құрылғаны дәлелденді. Сол арқылы алынған барлық сомалар анықталды», – деді Елемесов.

Агенттіктің дерегінше, бұл схема арқылы БЖЗҚ-дан 46 млрд теңге заңсыз аударылған. Формалды түрде клиникалар медициналық қызмет көрсеткен болып көрінгенімен, іс жүзінде жалған құжат рәсімдеп, азаматтардың зейнетақы ақшасын иемденген.

Аслан Дүйсенов — бұрынғы полицей. Ол 2016 жылы қызметтік өкілетін асыра пайдалану және адамды өзін-өзі өлтіруге жеткізу баптары бойынша бес жылға сотталған.

Қазір оған алаяқтық бабы бойынша айып тағылған. Тергеу басталғаннан кейін ол жұмыс істеген стоматологиялық клиника жабылған.

Бұл іс бойынша барлығы 50 адам — клиника басшылары, бухгалтерлер, делдалдар мен кеңсе қызметкерлері тергеуге алынды.

Материал авторы