«Жерді тегін берсін»: Аягөзде көпбалалы аналар Президентке үндеу жасады
Әкімдік берген үйлердің жері заңсыз боп шықты дейді аналар.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Аягөз қаласының тұрғындары – көпбалалы аналар мен мүгедектігі бар жандар мемлекет бағдарламасы бойынша берілген үйлерін жекешелендіре алмай отырғандарын айтып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен облыс әкімі Берік Уәлиге ашық үндеу жолдады.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Абай облысының әкімі Берік Уәлиге үндеу жариялаймыз. 5 жыл бұрын әкімдік жерді сатып алмаған, сол себепті қазір үйімізді жекешелендіре алмай, осыдан зардап шегіп отырмыз. Біз аналар, сізден жерді жекеменшікке өткізіп беруді сұраймыз. Қаншама ана осы жағдаймен келіп отыр. Жерді тегін заңдастырып, үйді жекеменшікке өткізіп беріңіздер», — дейді Аягөз тұрғындары.
Әкімдіктің дерегінше, Аягөз қаласындағы бұл үйлер мемлекеттік бағдарламалар аясында — «Нұрлы жер» (2020–2021 жж.) және «Бір қабатты Шығыс» (2022–2023 жж.) жобаларымен салынған. Барлығы 255 пәтер әлеуметтік жағынан осал топтарға, көпбалалы жанұяларға, мүгедектігі бар азаматтарға және мемлекеттік қызметкерлерге берілген.
Алайда Аягөз ауданы әкімдігі түсіндіргендей, бастапқыда бұл үйлер жалдамалы тұрғын үй ретінде рәсімделген және жекешелендіруге жатпайтын болған. Кейін тұрғын үй заңнамасына өзгерістер енгізілген соң, үйлерді жеке меншікке өткізу мүмкіндігі пайда болған.
Дегенмен, әкімдіктің айтуынша, жер телімдерін рәсімдеу кезінде заң бұзушылықтар орын алған. Үйлер салынған жерлердің кейбірі сатушы тарапынан жеке меншікке алынбаған, ал сатып алу құқығы бар жалдау тәсілімен ғана рәсімделген.
«Кемшіліктерді жою үшін сотқа дейінгі реттеу тәртібімен құрылыс компанияларына 255 хабарлама жолданды. Бірақ жауап болмағандықтан, әкімдік жерді заңдастыру жөнінде сотқа талап арыздар берді. Пәтерлер тек жер учаскелері толық заңдастырылғаннан кейін ғана жекешелендірілетін болады», — делінген Аягөз ауданы әкімдігінің ресми жауабында.
Аягөз ауданының прокуратурасы да бұл жағдай бойынша тұрғын үй заңнамасының бұзылуын анықтаған.
Тексеру нәтижесінде кейбір жер телімдері Қазақстан Республикасының Жер кодексіне қайшы берілгені белгілі болды. Осыған байланысты прокуратура аудандық әкімдіктің лауазымды тұлғаларына қатысты Қылмыстық кодекстің 371-бабы 2-бөлігі бойынша іс қозғап, материалдарды полиция бөліміне жолдаған.
Сонымен қатар, прокуратура әкімдікке жер телімдерін жедел заңдастыру туралы ұсыныс енгізіп, сотқа талап арыздар берілгенін растады.
Кімдер тегін жекешелендіре алады?
Прокуратураның түсіндіруінше, қолданыстағы заңнамаға сай, тегін жекешелендіру құқығына келесі санаттағы азаматтар ие:
Ұлы Отан соғысы ардагерлері және олардың отбасы мүшелері;
1 және 2-топтағы мүгедектігі бар азаматтар;
Чернобыль және басқа радиациялық апаттарға қатысқан тұлғалар;
Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккендер;
Әскери қызметін атқару кезінде жарақат алған азаматтар;
Арал өңіріндегі экологиялық апаттан зардап шеккен тұрғындар.
Прокуратура тұрғындарға қажет болған жағдайда жергілікті атқарушы органдарға өтініш беріп, шешіммен келіспеген жағдайда сот арқылы шағымдану құқығын пайдалануға болатынын ескертті.