Дариға Бадықованың «Ыстық ұя» фильмі 1 миллиард теңгеден асты
Бұл халықтың фильмі дейді Дариға Бадықова.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, танымал актриса әрі режиссер Дариға Бадықованың «Ыстық ұя» фильмі үлкен табысқа жетіп, прокатта 1 миллиард теңгеден астам қаржы жинады.
Актриса сүйінші жаңалықты әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
«“Ыстық ұямыз” миллиард жинады! “Ыстық ұя” — жай ғана кино емес. Бұл – сезім, сағыныш. Жүректерге жетсінші, жүректер қозғалсыншы деп түсірілген фильм еді. Талай суық жүректі жылытты, талай қатты жүректі жібітті. Бұдан артық жетістік жоқ – миссия орындалды. Халық өзі жарнама жасаған, нағыз халықтық кино болды. Сондықтан бұл миллиард – халықтың өз бағасы», – деп жазды Дариға Бадықова.
Көрермендер әлеуметтік желіде актрисаны құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп жатыр.
«Құтты болсын! Халықтың жүрегіне жеткен адал еңбек ақталды», «Жарайсың, Алла берекесін берсін», «Еңбек бар жерде нәтиже бар ғой», «Байың тағы да “менің арқамда миллиард тапты” деп әзілдеп жүрген болар», «Дариға, ниетің мен еңбегіңе Алла риза болсын», – деп жазды желі қолданушылары.
Материал авторы