SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау қаласының орталығында күлкі мен наразылық тудырған жағдай орын алды — облыстың бас ту тұғырында мемлекеттік ту теріс ілінген.
Қалалықтар түсін өзгертіп ілінген тудың суреттерін әлеуметтік желілер мен чаттарға тез таратып жіберген. Көпшілік мұны мемлекеттік рәмізге құрметсіздік деп бағалап, ашу білдірді.
Куәгерлердің айтуынша, ту бірнеше сағат бойы сол күйінде тұрған, қателік тек кейінірек ғана түзетілген.
«Көлікпен өтіп бара жатып байқадым, ту теріс ілінген екен. Бірден түзетеді деп ойладым, бірақ ол ұзақ уақыт солай тұрды», — дейді қала тұрғыны.
Ту тұғыры қала мен облыстың басты нышандарының бірі саналады және ол қалалық әкімдік балансында. Дегенмен, тұрғындар нысанның күтімі мен бақылауы нашар екенін айтып шағымданды.
Қоғамдық резонанстан кейін ту алынып, дұрыстап қайта ілінді. Бірақ желі қолданушылары жауаптыларды анықтап, шара қолдануды талап етті.
«Бұл жай мата емес, бұл — елдің символы. Мұндай немқұрайлылықты елемеуге болмайды», — деп жазды ашынған тұрғындар.
Ал Атырау қалалық әкімдігі түсініктемесінде былай деді:
«17 қазанда туды көтеру кезінде мердігер ұйым қызметкерлері техникалық қате жіберген — ту керісінен ілінген. Қате дер кезінде анықталып, ту талапқа сай қайта орнатылды».
Әкімдік мәліметінше, мердігердің қызметкері Әкімшілік кодекстің 458-бабы («Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін пайдалану қағидаларын бұзу») бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Аталған бапқа сәйкес, мұндай құқықбұзушылық үшін 50 айлық есептік көрсеткіш (184 600 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Дәл осы жаза қызметкерге қолданылған.
RUS