SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан архив, кітапхана және баспа саласын дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр. Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегінше, соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жобалар жүзеге асырылып, кадр даярлау мен инфрақұрылым жаңарту ісі жүйелі жолға қойылған.
Бүгінде ел бойынша 236 архив мекемесі жұмыс істейді, оның ішінде Президент архиві мен төрт республикалық арнайы архив бар. Ұлттық архив қорында 27,8 миллионнан астам құжат сақтаулы.
Саладағы мамандар тапшылығын жою үшін «Кітапхана ісі, ақпаратты өңдеу және архив ісі» мамандығына бөлінетін мемлекеттік гранттар саны екі есе артты – бакалавриат деңгейінде 20-дан 100-ге дейін көбейді. Сонымен қатар, тағы 89 қосымша грант аймақтарға бөлінді.
Соңғы екі жылда бірқатар жаңа нысандар пайдалануға берілді – Астанада Президент архивінің жаңа ғимараты, Жамбыл және Ақтөбе облыстарындағы аудандық архивтер ашылды.
Мәдениет саласындағы қолдау шаралары да кеңейді. Президент бастамасымен жас жазушылар мен ақындарға арналған арнайы әдеби сыйлық тағайындалды. «Проза», «Поэзия», «Балалар әдебиеті» және «Драматургия» аталымдары бойынша әр жүлде 4,1 миллион теңге көлемінде белгіленген. Сондай-ақ, ұлттық әдебиетке сіңірген еңбегі үшін «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағы қайта енгізілді.
2025 жылы алғаш рет Ұлттық кітап күні аталып өтіп, «Ұлттық кітап» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Ал тарихи жадыны сақтау бағытында «Батырларға тағзым» веб-порталы іске қосылды. Онда Ұлы Отан соғысына қатысқан 690 мыңнан астам қазақстандық жауынгер туралы деректер жинақталған.
«Архив – 2025» жобасы аясында 14 елден мыңнан астам сирек тарихи құжат әкелінді. Архив ісін цифрландыру және бірыңғай электронды қор құруды көздейтін жаңа заң жобасы дайындалып жатыр.
Сонымен қатар, Қазақстан архивтері Ресей, Түркия, Сауд Арабиясы және Литвамен ынтымақтастық орнатып, тарихи құжаттарды бірлесіп зерттеу жобаларын іске асыруда.
Кітапхана жүйесін жаңғырту мақсатында «2025–2027 жылдарға арналған жол картасы» қабылданды. Ол цифрлық сервистер енгізу, заманауи оқу залдарын құру және материалдық-техникалық базаны күшейтуді қамтиды.
2025 жылғы 1 шілдедегі мәліметке сай, елде 3 883 кітапхана жұмыс істейді. Олардың жалпы қоры 72 миллионнан астам кітап, ал оқырмандар саны 3,2 миллион адамнан асты.
Ұлттық академиялық кітапхана мен Air Astana компаниясының бірлескен жобасы аясында ұшақтарда қазақ әдебиетінің аудионұсқалары мен халық күйлері қолжетімді болды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл бастамалардың мақсаты – ұлттық жадыны сақтау, кітапхана мен архив ісінің мәртебесін көтеру және қазақ әдебиетін халықаралық деңгейде таныту екенін атап өтті.
RUS