Қазақстан қоймаларында әлеуметтік азық-түліктер шіріп кетті
Бюджет есебінен сатып алынған азық-түлік жұрт қолына жетпей, қоймада шіріген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, бағаны тұрақтандыруға бөлінген қыруар қаржы тиімді жұмсалмаған, кей жағдайда заң бұзушылықтар да анықталған. Мұндай қорытындыны Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) жариялады.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік нарығын өңірлердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) қадағалайды. Олар жергілікті әкімдіктерге бағынады.
БҚДА тексеріс қорытындысы бойынша, бюджет есебінен сатып алынған тауарлардың басым бөлігі дүкен сөресіне жетпеген. Соңғы екі жылда сатып алынған өнімнің небәрі 19 пайызы ғана сатылған. Ал кейбір азық-түлік түрлері 2021 жылдан бері қоймаларда шіріп жатыр.
«Сонымен қатар қаржы тиімсіз жұмсалған. Мәселен, картоптың артық болған маусымында 5,1 миллиард теңге бөлінсе, ал тапшылық кезеңінде ешқандай қолдау көрсетілмеген», — деп хабарлады агенттік.
Тексеру барысында кейбір компанияларға ӘКК тарапынан жүздеген миллион теңге көлемінде қайтарылмаған несиелер берілгені анықталды.
«489 миллион теңгелік бір қарыз бірнеше рет кейінге шегерілген, кей займдар тіпті пайызсыз берілген. Бұл жекелеген кәсіпорындарға әділетсіз артықшылықтар жасаған», — делінген агенттік мәліметінде.
Енді ӘКК-лерге азық-түлік бөлу жоспарларын ашық жариялау міндеті жүктелуі мүмкін. Ал әкімдіктерге баға тұрақтандыру шараларын күшейту ұсынылды.
Материал авторы