529

Әскер қатарына тіркеу тәртібі жаңарды. Әйелдер де есепке алынуы мүмкін

17 жасқа толған жігіттерді әскери есепке алу міндеттелді.

Әскер қатарына тіркеу тәртібі жаңарды. Әйелдер де есепке алынуы мүмкін
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда әскери есеп ережелеріне өзгерістер енгізілді. Қорғаныс министрі 2025 жылғы 13 қазандағы №1427 бұйрығымен әскери есепке алу тәртібіне бірқатар өзгеріс пен толықтыру енгізді. Құжат 2017 жылғы 24 қаңтардағы №28 бұйрықтың жаңартылған нұсқасы болып табылады.

Негізгі өзгерістер:

Жаңа ережеге сәйкес, әскери есепке алынуға жатпайтын азаматтар тізімі нақтыланды. Енді:

әскери есеп мамандығы жоқ әйелдер;

жасы шекті межеге жетіп, резерв қатарынан шығарылған немесе әскери қызметке жарамсыз деп танылғандар;

бас бостандығынан айырылған азаматтар;

Қазақстаннан тыс тұрақты тұратындар;

құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың, сондай-ақ азаматтық қорғау жүйесінің әскери оқу орындарында оқитын курсанттар мен қызметкерлер есепке алынбайды.

Әскери есеп мерзімі мен жас шектері де өзгерді.

Жаңа тәртіп бойынша:

офицерлер бірінші разрядта 50 жасқа дейін, ал қатардағы және сержанттар 40 жасқа дейін есепте тұрады;

екінші разрядқа офицерлер 51–60 жас, ал қатардағы және сержанттар 41–50 жас аралығында кіреді;

әйелдер үшін әскери есеп мерзімі қысқартылды: офицерлер — 45 жасқа дейін, ал қатардағы және сержанттар — 35 жасқа дейін.

Бұған қоса, прапорщиктер мен мичмандар да енді екінші разрядта 50 жасқа дейін есепте тұрады.

Жаңа ереженің тағы бір маңызды тұсы — азаматтарды жергілікті әскери басқару органдарына (МӨББ) тіркеу тәртібі нақты жазылған.
Енді әскери есепке:

17 жасқа толған ер балалар,

бұрын есепке тұрмаған азаматтар,

Қазақстан азаматтығын жаңа қабылдаған тұлғалар,

сондай-ақ әскери мамандығы бар әйелдер тіркелуге міндетті.

Қорғаныс министрлігі бұл өзгерістер азаматтарды әскери есеп жүйесіне әділ әрі заманауи талаптарға сай енгізуді көздейтінін мәлімдеді.

Материал авторы