Енді Қазақстанда интернет ұстамайтын жер болмайды

2026 жылдан бастап халық Wi-Fi арқылы телефонмен сөйлесе алады.

Енді Қазақстанда интернет ұстамайтын жер болмайды
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2026 жылдан бастап Қазақстанда ұялы байланыс сигналы әлсіз жерлерде де сөйлесуге мүмкіндік беретін VoWiFi технологиясы іске қосылады. Бұл жүйе кез келген қолжетімді Wi-Fi желісі арқылы дауыстық қоңырауларды қабылдап, қоңырау шалуға мүмкіндік береді.

Технологияның басты артықшылығы — ғимараттар ішінде және интернет сапасы нашар аймақтарда байланыс мәселесін шешу. Мұндай шешім туралы Үкімет отырысында ұялы байланыс операторлары хабарлады.

«VoWiFi технологиясы Wi-Fi арқылы дауыстық қоңыраулар шалуға мүмкіндік береді. Біз оны қызметкерлеріміздің арасында пилоттық режимде сынап көрдік және сәтті нәтиже алдық. Келесі жылы бұл технология барша абоненттер үшін қолжетімді болады», — деді «Кар-Тел» компаниясының атқарушы директоры Евгений Настрадин.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан халқының 99 пайызы 4G байланысымен қамтылғанына қарамастан, «ақ дақтар» әлі де бар. Оның басты себептері — жаңа ғимараттардың ұялы сигналды бөгеп тастауы және кейбір базалық станциялардың жиі бөлшектенуі.

VoWiFi енгізілген соң, байланыс сапасы әсіресе жертөлелерде, ірі кеңселерде және қалың қабырғалы ғимараттарда айтарлықтай жақсарады деп күтілуде.

Материал авторы