«Wi-Fi жоқ» деген сылтау ұмытылады»: Қазақстанның ұлттық Wi-Fi операторы пайда болмақ

Интернет әуежайда да, мектепте де бір жүйеден берілетін болады.

«Wi-Fi жоқ» деген сылтау ұмытылады»: Қазақстанның ұлттық Wi-Fi операторы пайда болмақ
Proxima Studio

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда бірыңғай ұлттық Wi-Fi операторы іске қосылады. Бұл жаңа жүйе елдің барлық қалаларында интернетке қауіпсіз әрі тұрақты қолжетімділікті қамтамасыз етпек. Жоба Үкімет отырысында таныстырылды.

Жаңа оператордың мақсаты — интернет сигналын барлық әлеуметтік маңызды нысандарда қолжетімді ету. Алғашқы кезеңде Wi-Fi желісі шекара бекеттерінде, әуежайларда, теміржол және автовокзалдарда, сондай-ақ мектептер мен ауруханаларда орнатылады.

«Біз қалыптастырып жатқан инфрақұрылым — тек байланыс желісі емес. Бұл Қазақстанның жасанды интеллектке негізделген цифрлық экономикасын дамытуға арналған платформа», — деді «Freedom Telecom Operations» компаниясының басшысы Қайрат Ахметов.

Бірінші кезеңде жоба 10 қалада 400 локацияны қамтиды. Ал 2026 жылға қарай 10 мың, 2027 жылға дейін 20 мың қосу нүктесіне дейін кеңейту жоспарланып отыр.

Мамандардың айтуынша, ұлттық Wi-Fi жүйесі азаматтарға тегін немесе төмен тарифпен қолжетімді болуы мүмкін. Бұл бастама интернет сапасы әлсіз аймақтарда цифрлық теңсіздікті азайтуға бағытталған.

Яғни, алдағы жылдары «Wi-Fi жоқ» деген сылтау ұмытылады — интернет елдің барлық маңызды нүктесінде бір желіден жұмыс істейді.

Материал авторы