SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Францияның бұрынғы президенті Николя Саркози бес жылға бас бостандығынан айырылып, Париждегі Санте түрмесіне жеткізілді. Ол 2007 жылғы сайлау науқаны кезінде Муаммар Каддафиден заңсыз қаржы алу ісі бойынша кінәлі деп танылған.
Сейсенбі, 21 қазанда Саркозиді полиция конвоирімен түрмеге әкелген сәтті халықаралық БАҚ хабарлады. Осылайша ол Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін темір торға тоғытылған алғашқы француз басшысы атанды.
70 жастағы саясаткер түрмеге кетер алдында жұбайы Карла Брунимен бірге үйінен шыққан. Көше бойында жиналған жақтастары «Николя!» деп ұрандап, «Марсельезаны» шырқаған. Экс-президенттің отбасы мүшелері де сол жерде қоштасқан.
Саркози сот шешімін саяси астары бар деп санайды.
«Бүгін түрмеге түскен – бұрынғы президент емес, кінәсіз адам», – деп жазды ол X (бұрынғы Twitter) желісіндегі парақшасында.
Сот оны ұйымдасқан топ құрамында келісім жасады деген айып бойынша кінәлі деп таныды. Алайда қаражатты жеке мақсатта пайдаланды немесе алды деген бап бойынша ақталған.
Қорғаушылары үкімге апелляция беріп, Саркозидің Рождествоға дейін шартты түрде босатылуына үміттеніп отыр.
Экс-президент қауіпсіздік мақсатында жеке камерада ұсталады. Бөлме шамамен 10 шаршы метр, ішінде душ бар. Сондай-ақ ол 14 еуро төлеп, теледидар көру мүмкіндігіне ие болады. Саркози түрмеге бірнеше кітап, соның ішінде Александр Дюманың «Граф Монте-Кристо» кітабын алып кірмек (кітап – жазықсыз қамалып, бостандыққа шыққан соң кінәлілерден кек алатын кейіпкер туралы классикалық роман - ред.).
Тергеу деректеріне сүйенсек, Ливия басшысы Муаммар Каддафи 2007 жылғы Саркозидің президенттік сайлауына 50 млн еуро бөлуді уәде еткен. Оның есесіне Саркози Каддафидің халықаралық беделін жақсартуға көмектесуге тиіс болған.
Франция заңнамасы бойынша үміткерлерге шетелдік қаржы алуға және сайлау науқанына 21 млн еуродан артық қаражат жұмсауға тыйым салынған. Бұл істе барлығы 13 адамға айып тағылған.
RUS