SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан экономикасында ақша шамадан тыс көбейіп кетті. Осы себепті баға өсімі тоқтамай отыр. Мұндай пікірді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Мәжілісте айтты.
«Біздің ойымызша, қазіргі инфляцияның негізгі себебі – айналымдағы ақшаның тым көптігі. Монетарлық агрегаттар шамамен 18 пайызға өсті. Бұған дейін азайғандай болған, бірақ қазір қайтадан өсіп келеді. Яғни экономикаға тым көп ақша құйылып жатыр. Оның екі негізгі көзі бар – бюджеттік шығындардың ұлғаюы және тұтынушылық несие беру», – деді Сүлейменов.
Оның айтуынша, сұраныс елдің өндірістік мүмкіндігінен асып түскен.
«Адамдар көп сатып алғысы келеді, бірақ отандық тауар мен қызмет аз. Сұраныс көп, ұсыныс аз болғанда баға көтеріледі. Ал егер бұл тапшылықты импортпен жапсақ, онда доллар қымбаттайды», – деп түсіндірді ол.
Осыған байланысты Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайызға дейін көтерді – басты мақсат, халықтың шамадан тыс ақша жұмсауын тежеу. Енді қаржы реттеушісі айналымдағы ақша көлемін шектеуге кіріспек.
Экономистердің айтуынша, бұл саясат қысқа мерзімде баға өсімін баяулатуы мүмкін, бірақ несиелердің қымбаттауына және бизнестің шығындарының артуына алып келеді.
RUS