SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семейдегі №52 мектептің асханасында дайындалған бәліштің ішінен тышқанның жүніне ұқсас зат табылып, оқу орнында тексеріс басталды. Бұл туралы КТК арнасы жеткізді.
Бұл мектептің асханасы небәрі 2025 жылдың қыркүйегінде ғана жұмысын бастаған. Ата-аналар арасында тараған «жүн аралас бәліштің» фотосы әп-сәтте мессенджерлерде кеңінен тарап, жұрттың ашу-ызасын тудырды. Көпшілік балаларды не нәрсемен тамақтандырып жүргенін сұрап, жауап талап еткен.
Оқиғаға байланысты білім бөлімі арнайы комиссия құрды.
«№52 орта мектептің оқушысының туысынан шағым түсті. Қазір осы шағым бойынша мектеп асханасын қамтамасыз ететін жеке кәсіпкердің жұмысына тексеріс жүргізіліп жатыр», – деді Семей қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Әсия Жарылғапова.
Білім ордасының тамақтануға жауапты меңгерушісі тәртіптік жазаға тартылған. Ал асхананың қалған тағамдарынан ешқандай күмәнді зат табылмаған. Дегенмен санитарлық қызмет нысанды тағы да толық тексермек.
RUS