SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 22 қазанға қараған түні Ресей әскері Киев қаласына зымырандар мен дрондар арқылы тағы да әуе шабуылын жасады. Украина Қарулы күштерінің Әуе қорғанысы күштерінің хабарлауынша, астанаға баллистикалық зымырандар мен дрондардан құралған біріктірілген соққы жасалған.
Шабуыл салдарынан қалада жарылыстар мен өрттер болды, бірнеше тұрғын үй мен көлік зақымданды. Киев билігінің мәліметінше, кемінде екі адам қаза тапты, тағы екеуі жарақат алған.
Қала мэрі Виталий Кличко Telegram парақшасында жазғандай, Днепров ауданындағы көпқабатты үйдің ауласына зымыран қалдықтары құлаған. Сол маңдағы басқа бір үйдің де терезелері сынған. Кейінірек ол сол аудандағы шабуылдан бір адамның мәйіті табылғанын және 10 адамның құтқарылғанын хабарлады.
Киев қалалық әскери әкімшілігінің басшысы Тимур Ткаченконың айтуынша, бейбіт тұрғынның өлімі көпқабатты үйдің 8 және 9-қабаттарында шыққан өрт салдарынан болған. Таңғы уақытта әкімшілік қалада екінші адамның қаза тапқанын растады. Екі әйел жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
Шабуыл кезінде Киевтің кемінде төрт ауданы зардап шеккен: Днепров, Печер, Голосеев және Дарница.
«Голосеев ауданында жарылыстан кейін өрт шықты. Печер ауданында зымыран сынықтары тұрғын үй ауласына түскен, бірнеше көлік өртеніп кетті. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ», — деді Кличко.
Таңертең қалаға дрондар арқылы жаңа шабуыл толқыны жасалғаны хабарланды.
Ткаченконың айтуынша, Дарница ауданында көпқабатты үй мен шаруашылық ғимараттар өртенген. Ал Деснян ауданында жау дроны ашық жерге құлаған.
RUS