«Біз ешкімді алдаған жоқпыз»: Атыраулық тұрғын «жалған стоматология» ісі бойынша президентке үн қатты
Тексерістен таныс арқылы өту мүмкін емес дейді әділдік сұраған тұрғын.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау тұрғыны Жайық Иманбaев өз ағалары – Ғаббас Иманбaев пен Берік Абдулланың атына қозғалған істің әділетсіз екенін айтып, президентке ашық үндеу жасады. Оның сөзінше, бауырлары басқаратын стоматологиялық клиникаға қатысты Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) қозғаған іс шындыққа жанаспайды. Бұл туралы АқЖайық басылымы жазды.
Тергеу нұсқасы бойынша, клиника азаматтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) ақшаларын мақсатсыз пайдалану схемасына қатысы бар болуы мүмкін. Алайда Жайық Иманбaев бұл айыптауларды «жалған және қисынсыз» деп санайды.
«БЖЗҚ — халықтың маңдай терімен тапқан ақшасы. Әр адам ай сайын табысының 10 пайызын аударады. Мемлекет осы ақшаның бір бөлігін пайдалануға рұқсат берді — халық сол құқығын пайдаланды. Бірі ипотекасын жапты, бірі емделді. Бұл қылмыс емес қой. Қордан ақша алу үшін бірнеше тексеріс пен рәсімнен өту керек, бәрі тіркеледі. Мұны «таныстықпен» істеу мүмкін емес. Сондықтан стоматологиялық клиниканы алаяқтық жасады деп айыптау — абсурд», — дейді ол.
Тергеу мәліметінше, кейбір клиникалар БЖЗҚ қаржысын қолма-қол алу үшін «жалған стоматологиялық қызмет» көрсеткен болып, 10–15 пайыз көлемінде комиссия алып отырған. Дәл осы жағдай қылмыстық істің қозғалуына негіз болған.
Иманбaев өз сөзінде зейнетақы қорының шетелге инвестиция салу тәжірибесін де еске алды:
«БЖЗҚ 70 миллиард теңгені Әзербайжанға аударғанда, сол кезде ҚМА мен өзге мемлекеттік органдар қайда болды? Неліктен ешкім іс қозғаған жоқ? Ал енді адал еңбек еткен дәрігерлер мен кәсіпкерлерді айыптап отыр. Бұл әділет пе?» — деп сұрайды ол.
Айта кетейік, 2022 жылы БАҚ-та БЖЗҚ шамамен 70 миллиард теңгені Әзербайжан халықаралық банкінің облигацияларына инвестициялағаны туралы ақпарат тараған. Бұл шешім қоғамда сын тудырып, кей сарапшылар оны тәуекелі жоғары қаржы құралы деп атаған.
Жайық Иманбaевтың айтуынша, оның ағалары – көп жылдан бері тіс дәрігері болып жұмыс істейтін, абыройлы азаматтар. Қазір олардың бірі тергеу изоляторында отыр, екіншісі іздеуде.
«Бауырларым ешкімге зиян келтірген жоқ. Тек өз жұмысын істеді, адамдарға көмектесті. Ал енді оларды заңды мүмкіндікті пайдаланғаны үшін жазалап отыр. Егер осындай істер жалғаса берсе, халықтың билікке деген сенімі мүлде жоғалады. Мемлекет жоқ жерден қылмыс іздемей, өз азаматтарын қорғауы керек», — деп түйіндеді ол.
Материал авторы