SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Балалар құқығы жөніндегі уәкіл Динара Закиева Түркістан облысында 15 жастағы қыздың 71 жастағы туысынан жүкті болып, бала босану дерегіне қатысты пікір білдірді.
Бұған дейін қыздың отбасына оның жүкті екені жеті ай болғанда ғана белгілі болғаны хабарланған еді. Қазір бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
«Қыз бала қаңтар айында Астанада босанған. Сол кезде аурухана полицияға хабар берген. Астана қалалық полиция департаменті істі тіркеп, Түркістан облысына жолдаған. Алайда Келес аудандық полиция бөлімі материалды қарауға тиіс болса да, оны жауып қойған», – деді Динара Закиева.
Қазір бұл жағдай бойынша ІІМ мен облыстық прокуратура тексеріс жүргізіп жатыр. Сондай-ақ өңірлік балалар омбудсмені оқиға орнында жұмыс істеп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысында 9-сынып оқушысы үш дәрігердің тексерісінен өткен соң да жүкті екені анықталмай, 13 қазанда бала босанған. Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, тексеру жүктіліктің ерте кезеңінде болған және сол кезде гинеколог мамандар болмаған.
RUS