SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Арқалық қаласында өткен тойдан кейін 150-ге жуық адам жаппай улану белгілерімен ауруханаға түсті.
Жергілікті тұрғынның айтуынша, оқиға «Жайна» мейрамханасында өткен 60 жылдық мерейтой кезінде болған. Оның ата-анасы да сол тойға қатысқан.
«Арқалықта туысымыздың 60 жылдық тойы өтті. 150-ден астам адам уланып қалды, арасында менің ата-анам да бар. Мейрамхана жауапсыздық танытқандықтан, адамдар зардап шегіп отыр», – деп жазды әйел Threads әлеуметтік желісінде.
Куәгердің сөзінше, тойға ауылдардан келген қонақтар да бар. Алайда олар мерекеден кейін үйлеріне қайта алмай, ауруханаға жеткізілген.
«Қазір Торғай ауылындағы ауруханада орын жетіспейді. Адамдарды Арқалық пен Қостанайға жіберіп жатыр», – деді ол.
Оқиғаға қатысты Қостанай облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.
RUS