529

Трамп Путинмен кездесуін тоқтатып, Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізді

Ресейдің Украинадағы әрекеттеріне байланысты қатқыл мәлімдеме жасады.

Трамп Путинмен кездесуін тоқтатып, Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізді
AP Photo

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонда НАТО бас хатшысы Марк Рюттемен келіссөз өткізді. Кездесу барысында Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен жоспарланған кездесуді Будапештте өткізбеу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.

«Маған бұл кездесуден нақты нәтиже шығуы екіталай көрінді. Владимирмен сөйлескен сайын жақсы әсер қалса да, әңгіме әрдайым іспен аяқталмайды», – деді Трамп.

АҚШ президенті болашақта осындай кездесу өтуі мүмкін екенін де жоққа шығарған жоқ.

Осы уақытта АҚШ Қаржы министрлігі Ресейдің ірі мұнай компаниялары – «Роснефть», «Лукойл» және олардың еншілес құрылымдарына қарсы жаңа санкциялар пакетін жариялады. Ведомство мұны «Ресейдің бейбіт келісімге мүдделі еместігімен» түсіндірді.

Трамп бұл шешімге қатысты ресми құжатты өз әлеуметтік желісінде де жариялаған.

Сондай-ақ АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейдің Украинадағы әрекеттеріне байланысты қатқыл мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Мәскеу қазір Украина аумағын толық бақылауға алуға ұмтылып отыр.

Сонымен қатар Трамп Вашингтонның Украинаға тікелей қару-жарақ бермейтінін айтты. Оның сөзінше, АҚШ тек НАТО елдеріне қару сатады, ал Украина Ресейге қарсы соққыларды еуропалық ракеталар арқылы жүзеге асырып отыр.

Президент екі тарапты атысты тоқтатуға шақырды. Ол қақтығыс аймағындағы күштерге «фронттағы позицияларды бекітіп, әскери қимылдарды доғару қажет» деген үндеу жолдады.

Трамп сондай-ақ Ресейге қарсы енгізілген жаңа санкциялар ұзаққа созылмайтынына үміт білдірді.

«Бұл шаралар бейбіт шешім табылғанға дейін ғана қолданылуы мүмкін», – деді ол.

Сондай-ақ АҚШ басшысы Қытай лидері Си Цзиньпиннің қақтығысты бейбіт жолмен реттеуде маңызды рөл атқара алатынын атап өтті.

Материал авторы