2257

Атырауда мұғалім 6-сынып оқушысының бетінен ұрып, бала ауруханаға түсті

Мұғалім мән-жайды анықтамастан, баланы ұрып жіберген көрінеді.

Атырауда мұғалім 6-сынып оқушысының бетінен ұрып, бала ауруханаға түсті
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атыраудағы №40 Зинолла Қабдулов атындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі сабақ үстінде 6-сынып оқушысының бетінен ұрған.

Бұл туралы зардап шеккен баланың анасы Айгерім Болатқали хабарлады. Оның айтуынша, ұлы Айбат Әли мектептен келген соң, құлағының ауырғанын айтып, оқиға туралы анасына баяндаған.

«Ол тамақ ішіп отырып: “Анашым, мектепте бір жағдай болды” деді. Қазақстан тарихынан бақылау кезінде көршісімен сөйлесіп отырған кезде, сыныпқа кезекші мұғалім Асет Ануарбекұлы кіріп келіп, ешнәрсені анықтамай, баламның бетінен салып жіберген. Бәрі шошып қалған. Ұлым құлағын ұстап, басын төмен түсірген, бірақ мұғалім оған мән де бермей, “жаз, әрі қарай!” деп айқайлаған», — дейді Айгерім Болатқали.

Оның сөзінше, баланың оң жақ беті қызарып, ауырсыну бірнеше сағат бойы басылмаған. Анасы дереу сынып жетекшісіне және мектеп директорына хабарласқанымен, нақты түсініктеме ала алмаған.

«Мұғалім маған телефонмен «бала тыныш отырмады, бірнеше рет сөйлесті, сондықтан аздап шапалақпен ұрдым» деді. Мен оған «егер сабақты басқара алмай тұрсаңыз, неге сынып жетекшіні шақырмадыңыз? Неге бірден қол көтересіз?» дедім» — деп ашуланды әйел.

Оқиға орнына полиция шақырылып, бала балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер оның жарақатын тіркеп, медициналық бақылауға алған.

Қазір полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Айгерім Болатқали Білім министрлігі мен облыс басшылығын тексеру жүргізуге және мұғалімдердің эмоциялық жағдайына бақылауды күшейтуге шақырды.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор