БҚО-да мектеп психологы марқұм оқушының суицид жасағысы келетінін елеусіз қалдырған
Енді психолог пен мектеп директоры жазалануы мүмкін.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысында жасөспірімнің суицидінен кейін Ақжайық ауданындағы мектептің директоры, оның орынбасары және психологқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы облыс прокурорының орынбасары Азамат Құстанов хабарлады.
Оның айтуынша, өңірде балалар арасындағы суицид деректері 27%-ға артқан. Бұл көрсеткіш бойынша БҚО республикада алдыңғы орында тұр.
«Ақжайық ауданындағы мектепте осы жазда болған оқиға — соның айқын мысалы. Оқушы анкета толтырған кезде өз-өзіне қол жұмсау ниетін ашық жазған. Бірақ мектеп психологы бұл ақпаратты басшылыққа жеткізбеген және баланы проблемасын елеусіз қалдырған. Соның салдарынан жасөспірім өз өмірін қиды. Қазір осы іске байланысты мектеп директоры, оның орынбасары және психологқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды», — деді Құстанов.
Прокурор сонымен қатар мұндай жағдайларда жауапкершілікті тек мектеп қызметкерлеріне емес, аудан мен облыс деңгейіндегі білім басқармаларына да жүктеу қажет екенін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін прокуратура Орал қаласындағы ең қылмыстық аудандардың тізімін де жариялаған болатын.
Материал авторы