533

Астанада күзетшілер соққысына жығылған ер адам көз жұмды

Марқұмның анасы әділдік талап етіп жатыр.

Астанада күзетшілер соққысына жығылған ер адам көз жұмды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы «Алания» түнгі клубының күзетшілерінің соққысынан қаза тапқан Азат Қабикеновтің ісі қоғам назарында.

Марқұмның анасы Айсұлу Ниетбаева баласын өлімші етіп ұрып өлтіргендер жазадан құтылып кете ме деп алаңдайды. Оның сөзінше, күдіктілердің екеуі әлі бостандықта жүр.

31-арнаның «Информбюро» бағдарламасы хабарлағандай, Азатты бірнеше күзетші жабылып ұрып, ауыр жарақаттаған. Ол үш ай бойы ес-түссіз ауруханада жатқан, бірақ алған жарақатынан айыға алмай көз жұмған. Артында анасы мен бауырлары қалды.

«Ұлымның өліміне қатысы бар адамдар бәрі де лайықты жазасын алсын. Іс бұрмаланып жатыр, көңіліміз толмайды», – деді марқұмның анасы.

Қазіргі таңда төрт күзетші қамауда, ал екеуі үйқамақта, тағы бір күдікті іздестірілуде.

Сот процесі жүріп жатыр, алайда жәбірленуші тарап айыптаушылардан қысым көріп жүргенін және соттың әділ өтуіне күмән келтіретінін мәлімдеді.

«Мемлекеттік айыптаушылар бірнеше рет ауысты, кейбірі сотқа дайындықсыз келді. Біз бұл жөнінде прокуратураға шағым түсірдік. Бұл – осы істегі үшінші прокурор. Дегенмен, әділ үкім шығарына үмітіміз бар», – деді адвокат Ләззат Теміржанова.

Азат Қабикенов – отбасының тұңғышы әрі жалғыз асыраушысы болған. Оның ең үлкен арманы — отбасын құрып, анасын жеке үйге көшіру еді.

Қазір тергеу жалғасып жатыр. Қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылар істің әділ қаралуын талап етуде.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор