SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда жасанды интеллект пен технологиялардың дамуы еңбек нарығына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Алдағы жылдары бірқатар мамандықтар автоматтандыру ықпалымен өзгеріске ұшырайды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун мәлімдеді.
Оның айтуынша, мұндай болжамды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі дайындаған.
«Біз Еңбек министрлігімен бірлесіп зерттеу жүргіздік. Нәтижесінде шамамен 2,5 миллион адамның кәсібі автоматтандыру ықпалында екені анықталды. Бұл олардың барлығы жұмыссыз қалады деген сөз емес. Кейбір мамандықтар тек ішінара автоматтандырылып, жаңа форматқа бейімделеді», – деді Мун.
Вице-министрдің сөзінше, Үкімет еңбек нарығын технологиялық өзгерістерге бейімдеу үшін бірқатар шара қабылдап жатыр.
«2029 жылға дейін 1 миллион азаматты қайта оқытуды жоспарлап отырмыз. Astana Hub платформасында жасанды интеллект пен IT бағытында тегін онлайн-курстар бар. Онда заманауи мамандардан білім алуға мүмкіндік жасалған», – деді ол.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта жаңа мамандықтарға бағытталған оқу бағдарламалары әзірленіп жатыр. Мысалы, ЖИ жүйелеріне арналған деректерді белгілеуші мамандарға (data annotators) сұраныс артып келеді.
«Біз автоматтандыруға бейім салаларды талдап, қай бағыттарда жұмыс процестері ішінара немесе толық өзгеретінін анықтаймыз», – деді Дмитрий Мун.
Ол атап өткендей, жасанды интеллект көбіне типтік, қайталанатын тапсырмаларды орындайды, ал адам күрделі әрі шығармашылық міндеттерді атқара алады.
«ЖИ кейбір рутинді жұмыстарды жеңілдетеді, бірақ оның мақсаты – адамдарды алмастыру емес, олардың тиімділігін арттыру», – деді вице-министр.
Сондай-ақ ол жасанды интеллект мемлекеттік басқару жүйесінде де процестерді оңтайландыруға мүмкіндік беретінін растады.
«ЖИ мемлекеттік аппараттың да бірқатар функцияларын автоматтандыруы мүмкін. Бұл – табиғи және әлемдік үрдіс», – деді Мун.
Вице-министрдің айтуынша, жаңа технологиялар жаңа мүмкіндіктер әкеледі.
«Интернет алғаш пайда болған кезде де адамдар осылай уайымдаған. Бірақ жаңа технология жаңа салаларды ашты. Сол сияқты, ЖИ де жаңа мамандықтар мен жұмыс орындарының пайда болуына себеп болады. Мысалы, бағдарламашылар өздерін қауіпте емес, керісінше артықшылықта сезінеді — өйткені ЖИ олардың жұмысын жылдам әрі сапалы етеді», – деді ол
RUS